«Астана» қаржы орталығы үшін ағылшын құқығы икемділігіне орай таңдалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін ағылшындық жалпы құқық оның барынша икемділігі үшін таңдап алынып отыр. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазақстандық қор нарығына халықаралық капитал тарту» халықаралық конференциясында «Астана» ХҚО-ның басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана» қаржы орталығы үшін ағылшын құқығы икемділігіне орай таңдалды

«Әлемдік тәжірибе ең үлкен, табысты жаһандық және өңірлік қаржы орталықтарының барлығының 85 пайызы ағылшындық жалпы құқықтың заңгерлік мазмұн моделінде жұмыс істейтіндігін көрсетті. Ағылшындық құқық немесе құрлықтық заңнама үздік деп дауласуға да болады. Дегенмен, біз қаржылық модельдер, қаржылық реттеу негізінен ағылшындық жалпы құқыққа бағдарланғандығын көріп отырмыз. Мұның ең қарапайым негіздемесі ағылшындық жалпы құқықтық үлгі боларлық және шындығында ол барынша икемді», - деді ол.

Қайрат Келімбетовтің атап өтуінше, ағылшындық жалпы құқық нарық талаптарына тез арада бейімделе алады. Бұл мемлекетке нарық құлдырағанда немесе керісінше мемлекеттік реттеу сәтсіздікке ұшырағанда қажет.

Айта кетейік, 2015 жылдың 5 қарашасында ҚР Парламентінің Сенаты «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңды қабылдады. Аталған заң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру, капитал нарығын және исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды көздейді.

Парламент қабылдаған заң «Астана» халықаралық қаржы орталығы дәл белгіленген шекаралары бар, Астана қаласының шегіндегі аумақты білдіреді. Орталықтың аумағында өзінің заңнамасы болуы ықтимал, ерекше құқықтық режим қолданылатын болады. Халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы қабылданып отырған Конституциялық заңнан, Англия және Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне негізделген актілерден, сондай-ақ реттелмеген бөлікте қолданылатын Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығынан тұрады.

Заңнамаға сәйкес, Орталықты басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті басқаратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган құрылады. Оның құзыретіне Орталықтың даму стратегиясын айқындау, қаулылар түріндегі Орталықтың актілерін қабылдау жатады. Орталық әкімшілігі, Орталықтың қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті, Орталық соты және басқа да қажетті органдар құрылуы мүмкін. Ерекше тартымды жағдайлар жасау мақсатында Орталықта өзгеше салықтық, валюталық, визалық режим, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартудың режимі көзделген.

Осылайша, салық салу бөлігінде орталықтың органдары мен қатысушыларын 2066 жылғы 1 қаңтарға дейін елу жылға корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын және жер салығын төлеуден босату белгіленген. Бұдан басқа, шетелдік қызметкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Айта кетерлігі «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі болып табылады. Жекелеген мәселелер бойынша қазақ немесе орыс тіліне аударуға жол беріледі.