Астана кәсіпорындарында 40 млрд теңгеден астам дебиторлық қарыз қалыптасқан
Бұл туралы қалалық қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев қалалық мәслихаттың ревизиялық комисиямен бірлесіп өткізген жиынында мәлім етті.
«2022 жылдың 1 қаңтарында 45 млрд 291 млн теңге дебиторлық қарыз болған. Ал 1 шілдеде өткен жылдардың дебиторлық қарызынан 4 млрд 625 млн теңгесі өтелді. Оның ішінде құрылыс басқармасына қарасты 900 млн теңге, көлік басқармасына қарасты 165 млн теңге, жанар-жағармай-энергетикалық кешен басқармасына тиесілі 3 млрд 85 млн теңге қайтарылды», - деді әкімдік өкілі.
Осылайша, 1 шілдедегі жағдай бойынша, өткен жылдардан қалған дебиторлық қарыздың көлемі 40 млрд 666 млн теңге болып отыр.
«Аталған дебиторлық қарыздың қалыптасуына бірнеше жайт себепкер болды. Дебиторлық қарыздың 21 млрд теңгесі немесе 51 пайызы көпжылдық келісімшарт бойынша алдын ала төленуі тиіс болған өтемдерден қалыптасқан. 19 млрд 455 млн теңге немесе 47 пайызы қарызды төлеу туралы сот шешімінің орындалмауынан қордаланған», - деді басқарма басшысы.