Астана қазақстандық мәдениеттің эталоны болуы қажет - Қ.Жанахан
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Астана қазақстандық мәдениеттің эталоны болуы қажет. Бүгін елордада өткен «Шығармашылық билет» қоғамдық бірлестігінің бірінші отырысында «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Қайсар Жанахан осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда астаналық жастардың, әсіресе, қазақ жастарының өзін-өзі ұстау мәдениеті төмендеу. «Олар тұрған жерінде күл-қоқыс тастап, ауызға келгенді айта береді. Сыртынан қарағанда, өте ерсі көрінеді», - дейді Қ.Жанахан. Маманның пікірінше, астаналық жастардың мәдениетін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көтеру қажет. «Теледидарда арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, бұл мәселені жан-жақты талқыға салуға болады. «Мәдениетті адам қандай болу керек?» деген айдармен мақалалар жариялап, Интернет арқылы бұл мәселені талқылауға барлық қала тұрғындарын тарту қажет. Астана қазақстандық мәдениеттің эталоны болуы қажет», - дейді Қ.Жанахан.