Астана кештері: «Уолтон ханымның бағы» Қазақстанда тұңғыш рет қойылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында бірқатар әлемдік туындылар таныстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана кештері: «Уолтон ханымның бағы» Қазақстанда тұңғыш рет қойылады

«Бұл фестивальдің ерекшелігі - түрлі жанрларды біріктіре алуында. Биыл да фестивальге келген танымал жұлдыздар әлемдік премьераларымен қуантады. Мәселен, Роберто Молинелли жазған «Уолтон ханымның бағы» концерті Қазақстанда алғаш рет қойылады. Леди Уолтон - композитор Уильям Уолтонның әйелі, ол Италияның оңтүстігінде ғажап бақ өсірген. Бұл концерттің әрбір бөлімі белгілі бір гүлге, ағашқа немесе өсімдікке арналады. Леди Уолтон Аргентинаның тумасы болғандықтан, концерттің соңғы бөлімі Аргентинадан Италияға әкелінген «Пало Бурачо» ағашына арналады және танго стилінде орындалады. Тангоны орындап тұрып, билемеу мүмкін емес. Сондықтан, концертті Алматы балетінің солисі Нельсон Пенья екеуміз танго биімен аяқтаймыз», - деді атақты италиялық альтист Анна Серова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ұйымдастырушылардың айтуынша, елімізде тұңғыш рет италиялық композитор Сальваторе Фреганың «Magic Horse» оркестрлік пьесасы қойылады. Композитор бұл туындыны «Астана кештері» фестиваліне тарту еткен. Туындыны «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі орындайды. Бұл туынды Лос-Анджелестегі Aсademia Music Awards-2019 жүлдесін иеленген.

Айта кетейік, 3-7 маусым күндері елордада дәстүрлі Астана кештері» VIII халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр. Жыл сайын фестивальге классика, халық өнері, эстрада бағытындағы музыканың үздік үлгілерін орындайтын белгілі өнер майталмандары қатысады.

Фестивальдің басты мақсаты - халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнердің жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. Сондықтан өнердің озық үлгілерінің барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бұл жобаның концерттеріне барлық билеттер тегін таратылады.

Фестивальдің ерекше қонақтары - мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушылар олардың концертке келуі үшін арнайы көлікпен қамтамасыз етеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары барлық концерттерге билеттерді «Қазақстан» орталық концерт залы кассасынан тегін ала алады.