Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана клубы туралы не білеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында елімізде Еуразия дамуының өзекті мәселелерін талқылауға арналған Астана клубының екінші отырысы өтті. Бүгінгі таңда осындай диалогтың қажеттілігі тек өңірлерде емес, сонымен қатар бүкіл әлем елдерінің мүддесін қозғау мақсатында туындауда.

Астана клубы туралы не білеміз

Астана клубына елуден астам елдердің, оның ішінде АҚШ, Ресей, Еуропалық Одақ, Қытай, Түркия, Иран және тағы басқа мемлекеттердің экономика, саясат, халықаралық қатынас салаларының сақа сарапшылары, қоғам қайраткерлері қатысты.

Клубтың сессиясында төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген жоғары дәрежелі бұрынғы мемлекет қызметкерлері, білікті ғалымдар - жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары бас қосты.

Бұл сарапшылар экономика мен саясаттағы әлемдік беталыстардан хабардар және олар оны ары қарай дамытуға өз үлестерін қосуда. Әлемдік саяси бірлестіктердің өздері маңызды шешім қабылдайтын кезде осы сарапшылармен кеңесіп отырады.

Еуразия бүгінде бүкіл әлемнің ықыласын өзіне аударуда. Қытай, Ресей, АҚШ секілді дамыған ірі мемлекеттер, Еуроодаққа мүше елдердің мүдделері осында тоғысуда. Сондықтан, барлық қатысушылардың сенімінен шығып, мүдделі тараптардың арасындағы осындай диалогтар тәуелсіз алаңда өтуі қажет. Ал, Қазақстан көпқырлы саясатты ұстанып, барлық мемлекеттермен бірқалыпты қарым-қатынас орнатқандықтан, аталмыш алаңға айналды.

Өңірлер алдындағы маңызды мәселелердің бірі - зияткерлік мәселесі. Еуразияның қақтығыстар мен шиеленістердің емес, ынтымақтастық пен мүмкіндіктердің алаңына айналуы үшін ірі ойыншылардың өңір алдында тұрған келелі мәселелерді бірлесіп шешуі қажет. Міне, осы себепті аталмыш мәселелерді тек ресми келіссөздер үлгісінде емес, ашық пікір алмасу түрінде талқылаған тиімді.

Клубтың сессиясы Chatham House ережесі бойынша өтуде, яғни аталмыш отырыстағы идеяларды авторлығын жарияламай қолдануға болады. Бұл сарапшылардың ең өзекті әлемдік проблемаларды ашық түрде талқылауына жол ашады. Осындай қағиданы ұстанып, жұмыс жасайтын дискуссия алаңы дүниежүзінде көп емес. Бұл әрине, Астана клубының тағы бір артықшылығы.