16:39, 20 Қыркүйек 2011 | GMT +5
«Астана» клубының сапына жаңа велошабандоздар алынды
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Астана» велокомандасының сапына Борут Бозич пен Кевин Селдрайерс алынды.

Клубтың ресми сайтында хабарланғанындай, словениялық Борут Бозич «Team Vacansoleil DCM» клубынан ауысып келген. 2004 жылдан бері кәсіпқой велоспортта өнер көрсетіп жүрген 31 жастағы Боруттың мансабында 36 жеңіс бар. Соның ішінде Швейцария турының 5 кезеңі және 2010 жылғы Вуэльта көпкүндігінің 6 кезеңі аталған ұшқыр спортшымен бағындырылған.
Ал бельгиялық Кевин Селдрайерс осы уақытқа дейін «Quickstep» командасының құрамында болып келген. 25 жастағы велошабандоз, Борутқа қарағанда, негізінен таулы қыраттарда жақсы көрсеткіштер көрсетеді. Ол - Джиро д'Италия мен Париж-Ницца 2010 турларында ең үздік жас шабандоз атағын алған, болашағынан үміт күттірер велошабандоз.