Астана-Көкшетау тасжолында болған жаппай жол апатына қатысты сот үкімі шықты
«Н.Мехтиев 2016 жылдың 4 желтоқсанында автобусты жүргізіп келе жатып, жеңіл көлікті соққан. Соның салдарынан көліктегі 4 жолаушы қаза тауып, тағы бір жолаушы жеңіл жарақаттанды, көлік құралы зақымданған», - делінген Ақмола облыстық сотының ресми сайтындағы ақпаратта.
Өз кінәсін мойындау түріндегі процессуалдық келісімнің жасалуына байланысты қылмыстық іс келісімдік өндірісте қаралды. Оған сәйкес сотталушы Н.Мехтиев өз кінәсін толық мойындап, прокурордың ұсынған 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру, көлік құралдарын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасына келісті.
Жәбірленушілер процестік келісімнің шарттарымен келісіп, қарсылық білдірген жоқ.
Сот, сотталушының оң мінездемесін, қылмыстың алғашқы рет жасалуын, іс бойынша зиянның болмауын, жәбірленушілердің пікірлері мен сотталушының өкінуін ескерді. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.
Сот үкімімен Низам Мехтиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 345-бабы 4-бөлігімен (Жол жүрісі қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғу) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан және 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Н.Мехтиевке қатысты пробациялық бақылау орнатылды.
Еске салайық, 2016 жылдың 4 желтоқсаны күні «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында ірі жол апаты болғаны туралы бұған дейін хабарлағанбыз . Кейінірек онда қаза болған 4 адамның есімі анықталды . Ажал тырнағынан аман қалған Данил есімді баланың да әкесі табылды . Құмарбек Жакетайұлы қаршадай баланы құтқарып, көлікте жанұшыра шыңғырған қыз баланы да аман алып қаламын деп жүріп, өзі ажал құшқан болатын .