Астана колледждерінде ағылшын тілінде білім берілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы оқу жылында елорданың кейбір колледждерінде білім беру ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Мамандықтар тізіміне қонақ үй шаруашылығы менеджерлері, даяшылар мен бармендер, сондай-ақ медициналық қызметкерлер енгізілді, деп хабарлайды astana.kz.

Астана колледждерінде ағылшын тілінде білім берілмек

Елбасының «100 нақты қадам» жоспарында қазақстандық түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор көңіл бөлінген. Біліктілігі жоғары кадрларды дайындау процесіне басымдық беріледі, сол арқылы колледждер кезең-кезеңмен ағылшын тілінде оқытуға көшеді. Астана қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында мәлім еткендей, тәжірибелік жоба аясында 2015-2016 оқу жылында Астананың 4 колледжінде студенттер ағылшын тілінде білім алатын болады. Себебі елордада құрылатын жаңа қаржы орталығы мен EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізу халықаралық деңгейге сәйкес дайындалған кадрлардың болуын талап етеді.