«Астана» командасының шабандозы Хайнань жарысында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Санья қаласында өткен көпкүндік «Хайнань туры» веложарысының жалпы есебінде XDS Astana Team командасының шабандозы Томас Сильва жеңімпаз атанды.
Баотин — Санья бағыты бойынша өткен 154,6 шақырымдық соңғы кезең жаппай спринтпен аяқталды. Бұл кезеңде Li Ning Star командасының өкілі Александр Салби жеңіске жетсе, екінші орынды Душан Райович (Solution Tech NIPPO Rali), үшінші орынды Норман Вахтра (China Anta – Mentech Cycling Team) иеленді.
Томас Сильва финалдық кезеңде жүлдегерлер қатарына кірмегеніне қарамастан, жалпы есепте көшбасшылықты сақтап, «Хайнань туры-2026» жарысының жеңімпазы атанды. Ол бір күн бұрын кезеңде жеңіске жетіп, жалпы есепте көшбасшылықты өз қолына алған еді.
— Бұл жетістікке өте қуаныштымын. Біз жарысты жоғары деңгейде өткіздік, команда бір апта бойы ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Бұл мен үшін маңызды жеңіс, — деді Сильва команда баспасөз қызметіне.
Команданың техникалық менеджері Дмитрий Седун жарыстың қиындықтарына алдын ала дайын болғандарын атап өтті.
— Біз бұл жарысты жақсы білеміз, сондықтан қандай қиындықтар күтіп тұрғанын алдын ала болжадық және соған дайын болдық. Жеңіс үшін күресе алатын және командаға тиімді көмектесетін шабандоздардан барынша оңтайлы құрам жасақтауға тырыстық. Әрине, аптап ыстық барлығына әсер етті, алғашқы күндер оңай болған жоқ, бірақ біз оны еңсердік. Негізгі кезеңдерге мұқият дайындалып, нәтижесінде көздеген мақсатымызға жеттік. Бұл жарыс пен ондағы жеңіс команда үшін де, демеушіміз үшін де маңызды болды, сондықтан жеңістің бізге бұйырғанына қуаныштымыз. Алайда маусым жалғасуда, алда әлі де маңызды жарыстар көп, сондықтан жақсы көңіл-күймен Еуропаға оралып жатырмыз, — деді ол.
Тағы бір шабандоз Николя Винокуров жарысты алтыншы орынмен аяқтап, үздік азиялық велошабандозға берілетін көк жейдені жеңіп алды.
Айта кетейік, Томас Сильва бұл жарыста бұған дейін де екі кезеңде топ жарған болатын.