«Астана» командасы Africa Race ралли-марафонына қатысуға техникалық тексеруден өтті
АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Францияның Сан-Сиприен қаласында 29 желтоқсан күні жалауы көтерілетін «Africa Race» халықаралық автожарысына қатысушылардың темір тұлпарларын тексеру рәсімі өтті.
Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Бұл бәсекеде ел намысын М440 көлігімен (тұптұлғасы) пилот Жанат Жалымбетов пен штурман Марат Абықаев (старттық нөмірі 232), Bowler автомобилімен пилот Юрий Сазонов пен штурман Арслан Сахимов (старттық нөмірі 226), М440-пен пилот Қанат Шагиров пен штурман Александр Мороз (старттық нөмірі 214) қорғамақ.
Классикалық «Дакар» бәйгесінің бағыты бойынша өтетін бұл дүбірлі додаға қатысатын автомобильдер бүгін паром арқылы Испанияға, одан кейін Мараккоға жеткізілмек.
Жарыстың алғашқы кезеңінің ұзақтығы 658 шақырымды құрайды. Жалпы Маракко, Мавритания, Сенегал елдерінің аумағы арқылы өтетін «Africa Race» халықаралық ралли-марафонының жалпы ұзақтығы 5 796 шақырым. 11 кезеңнен тұратын бұл бәсеке 9 қаңтарда Сенегал елінің астанасы Дакар қаласында мәреге жетпек.