«Астана» командасы «Дакар» раллиінде ресейліктердің «Камазынан» бас тартады
АЛМАТЫ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - «Астана» командасы «Дакар» раллиінің жүк көліктері жарысына енді ресейліктердің «Камазымен» қатыспайды. Бұл туралы команда пилоты Артур Ардавичус бүгін Алматыда «Дакар-2013» жарысының нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Дакар-2013» раллиіне «Астана» командасы 1 жүк көлігі мен 3 жол талғамайтын көліктермен қатысқан болатын. Олардың арасынан жол талғамайтын пилот Бауыржан Исабаев пен штурман Дмитрий Югай тізгіндеген GForce прототипімен жарысты басынан аяғына дейін жүріп өтіп, мәре сызығын кесіп өткен еді. Тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілуге қазақстандық экипаждарға көліктерінің техникалық ақаулары кедергі болды.
«Бұл қолайсыздықтар тек зауыт мамандары ғана жөндей алатын техникалық ақаулар. Ал экипаж мүшелері түгелдей жарысты жалғастыруға дайын болды. Көпшілік тек жеңісті ғана көреді. Ал оған баратын жол өте қиын. Бұл жарыс біздің көзімізді ашты. Бұған дейінгі олқылықтардың орнын толтырып, сабақ алу үшін қазірден «Дакар-2014» раллиіне дайындықты бастап кеттік», - дейді жүк көлігі экипажының пилоты А.Ардавичус. Оның айтуынша, алдағы жыл бұл додада «астаналықтар» әдемі және лайықты өнер көрсететін болады. Бұл үшін олар өздерінің «Камаз» жүк көлігін САТ моторы бар DAF жүк көлігіне ауыстырмақ. Олармен кемінде 3 жыл мерзімге дейінгі келісімшарт жасалып отыр. Ал жол талғамайтын көліктер литвалық қызмет көрсетушілермен жұмысын алдағы жылы да жалғастырмақ.