«Астана» командасы оқу-жаттығу жиынында даниялықтардан жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан чемпионы жаңа маусымға дайындықты жалғастыруда. Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Роман Григорчуктың тәлімгерлері даниялық «Копенгагенмен» кездесті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.
Кездесу өте тартысты болды. Даниялықтар «Астана» өкілдерін 0:4 есебімен ойсырата жеңді. Бірінші таймда екі команда да бір-бірінің қақпасына гол сала алған жоқ. Екінші таймның басында, нақтырақ айтқанда ойынның 48-ші минутында Расмус Фальк есепті 0:1 етті. Арада 6 минут өткен соң мәскеулік «Локомотивтің» бұрынғы шабуылшысы Даме Н'Дойе екінші голды салды. Ойынның 74-ші минутында астаналықтардың қорғаушысының қателігін ұтымды пайдаланған Пьерос Сотириу есепті 0:3-ке жеткізді. Соңғы голды 79 минутта Ахмет Дахим салды. Есеп 0:4.
Айта кетейік, жиында жергілікті «Аль-Васл» командасымен болған алғашқы матчта астаналықтар жеңіске жеткен еді. Келесі кездесуін олар енді 30 қаңтар күні «Мидтьюлланд» командасымен өткізеді. Осыған дейін клубтан команданың ең қымбат легионерлерінің бірі кетіп қалғандығын да айта кету керек.