«Астана» командасының мотивациясы мені алаңдатады - Стойлов
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов ертеңгі «Астана»-АПОЭЛ арасындағы ойынға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ертең командам жақсы ойын көрсетеді деп үміттенемін. Біз ұпай жинап, алғаш рет топтан шыға аламыз деп ойлаймын. Дегенмен, команданың көңіл-күйі мен мотивациясы мені алаңдатады, бірақ, футболистер ақылы бар адамдар, әрбір ойынның маңызын түсінеді деп ойлаймын», - деді бас бапкер журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, жуырда ғана «Астана» командасы осымен үшінші рет ел чемпионы атанып, ҚР Кубогын иеленді. Сондықтан, бас жаттықтырушы футболшылардың техникалық дайындығы жақсы деп санайтынын жеткізді. Дегенмен, С.Стойловтің пікірінше, АПОЭЛ командасы да былтырғыдан қарағанда жақсы дайындалып келгенге ұқсайды.
«Астана» командасы В тобында соңғы орында тұрса да, УЕФА Еуропа Лигасының 1/16 финалына шығатындай үміті бар. Ол үшін «Астана» командасы АПОЭЛ-ді жеңіп, «Олимпиакос» командасының «Янг Бойз» командасынан жеңілуін тілеу.
«Астана»-АПОЭЛ арасындағы матч 24 қараша күні, кешкі 22.00-де басталады. Ойын «Астана-Арена» стадионында өтеді. Ойынды «Қазақстан» арнасының тікелей эфирінен де тамашалауға болады.