Астана көрермені Жайымовтардың шығармашылық кешін тамашалады

Терең сезімге бойлайтын, бірнеше бөлімнен тұратын шығармаларды тыңдаған жұртшылық хас өнерді жоғары бағалап, шынайы қошемет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айталық, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Арман Жайымның квартетке арналған төрт бөлімді № 1 концертін орындады.
Сондай-ақ көрермен назарына қос композитор бірлесіп жазған «Бибарыс» операсынан да үзінді ұсынылды. Осы орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің орындауындағы Бибарыстың ариясы сәтті шықты.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ «Бибарыс» операсынан Айдананың ариясын нақышына келтіре шырқады.
Халықаралық конкурстардың лауреаты Шахризада Тыныштық «Төле би» контатасынан «Қарлығаштың әнін» орындап берді.
Қобызшы Ботагөз Тәшімова оркестрдің сүйемелдеуімен Арман Жайымның қобызға арналған концертін ұсынды.
Айтқали Жайымов қазақтың қоңыр домбырасын қолына алып, өзінің ел Тәуелсіздігіне арнаған «Еркін ел», «Өмір-өзен» және Дина Нұрпейісоваға арнаған «Күй-Ана» күйлерін орындағанда, көрермендер ұзақ қол соғып, қошемет білдірді.
Осы кеште А. Жайымовтың кейбір шығармаларына орай «Шалқыма» халық би ансамблі де өнер көрсетті.
«Бұл біздің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған концертіміз. Сондықтан да «Шаттық Елі» деп аталды. Ұлым Арман екеуміздің жазған көптеген музыкалық шығармаларымыз бар. Солардың бірқатарын көрермендер назарына ұсынуды жөн көрген едік. Бәрі де ойымыздан шықты деп ойлаймын. Концертке келіп, Қазақ халық аспаптары оркестріне және өзге де өнер көрсеткен азаматтарға қошемет білдірген көрермендерге үлкен ризашылығымызды білдіреміз»,- деді ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат берген Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.
Концерт барысында филармонияның Қазақ халық аспаптары оркестрі де жан-жақты қалыптасқан өнер ұжымы екенін айқын байқатты. Небір күрделі күйлерді де, музыкалық туындыларды да асқан шеберлікпен жеткізе білді.