Астана көшелерінде табиғи газды тұтынатын француз автобустары жүретін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап астаналықтар газбен жүретін, әрі мүгедектердің де мүмкіндігі ескерілген автобустардың қызметін пайдаланатын болады. Қоғамдық көліктер қалаға 1-қазанға дейін толығымен жеткізілмек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бүгін «Астана LRT»ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан мен француздық «IVECO BUS» компаниясының президенті Пьер Лаут Астанаға 350 IVEKO автобусын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды.
«Автобустар Астананың қысына ыңғайланып жасалған. Оның 270-і 12 метрлік, 80 автобус 18 метрлік. Сыйымдылығы 100-150 адамға дейін жетеді. Жалпы, алдағы уақытта ескі автобустарды қолданыстан шығарып, жаңа 1200 автобуспен алмастыруды жоспарлап отырмыз», - дейді «Астана LRT»ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан.
Астанада күніне автобустар қызметін шамамен 700 мыңға жуық адам пайдаланады. Сондықтан, бұл көліктің тапшылығы да сезілуде - бас қалаға 400-ге жуық автобус жетіспейді.
«Табиғи газбен жүретін ең замануи бұл автобустарда барлық жағдай жасалған. Кіріп-шығу өте ыңғайлы. Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың да жағдайын ескердік. Ішіне бейнекамера орнатылып, электронды, ақпараттандыру құралдарымен жабдықталған. Сондықтан ел игілігі үшін талай жыл қызмет етеді деп ойлаймын. Мұндай автобустар Франция көшелерінде жүріп жүр», - дейді IVECO BUS компаниясының президенті Пьер Лаут.
Бұл автобустардың келуімен қызмет сапасына қойылатын талап та күшейеді. Енді жүргізушілер біліктілігін арттыру орталығында дайындалса, кондукторлардың орнын бірте-бірте электронды аппараттар алмастырмақ.
Су жаңа қоғамдық көліктер жаңа коммуналды автобус паркінің қарамағына тапсырылады. Автопарк құрылысына 8,48 га жер бөлінген.
200 автобус биылғы жылдың тамыз айына дейін жеткізу жоспарланса, қалған 150 автобус қазан айында жеткізілмек. Бұл жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттырып, елордадағы экологиялық климатты жақсарту мақсатында жүзеге асырылып отырған шара.