Астана көшесіне мажар ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі

ақын
Фото: Wikipedia

Елордадағы жаңа көшелердің біріне биыл туғанына 200 жыл толатын мажар ақыны Шандор Петефидің аты беріледі. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен Ақордадағы кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттеріне білім гранттары бөлініп келеді. Көп жастарымыз Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Жаңа ғана осы бағдарламаны жалғастыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім саласындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашады. Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толды. Осыған орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі. Біз көпжақты дипломатияны одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Ақордада Мажарстан Премьер-Министрін қарсы алу салтанаты өткенін жазған едік.

Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен кездесу кезінде екі елдің бауырластық байланысы туралы айтты.

Еске салсақ, кеше кешке Виктор Орбанды Астана әуежайында вице-премьер Серік Жұманғарин күтіп алған болатын.

Қазақстан басшылығымен келіссөз барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар