«Астана-Қостанай» тасжолында Toyota Alphard жүргізушісі есірткі шегіп алып, жолаушы тасымалдаған

АСТАНА. KAZINFORM — Елордадан Қостанайға жолаушы апара жатқан жүргізуші сапарға шықпас бұрын есірткі қолданған. Бұл туралы polisia.kz сайты жазады. 

альфард
Фото: polisia.kz

Бес жолаушысы бар Toyota Alphard маркалы автокөлікті тәртіп сақшылары «Жақсы — Есіл-Бұзылық» автожолында тоқтатқан. Ол мобильді қосымшаны пайдалана отырып, елордадан Қостанайға жолаушыларды жеке тасымалдаумен заңсыз айналысқаны анықталды.

Құқық бұзушы кезекті рейсін жасар алдында марихуана есірткісін пайдаланған. Осылайша ол бес жолаушының өміріне қауіп төндірген. 

Тәртіп бұзушыға қатысты полиция қызметкерлері тиісті әкімшілік хаттамалар толтырды. Такси жүргізушісі 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, жолаушыларды заңсыз тасымалдағаны үшін оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Полицейлер жолаушыларды жақын маңдағы теміржол вокзалына жеткізді.