Астана күні 40-тан астам алаңда мәдени шаралар өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні 40-тан астам алаңда мәдени шаралар өтеді. Бұл туралы «BNews.kz» АА студиясындағы онлайн конференция барысында елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев айтты, деп хабарлады astana.gov.kz.
«Қаладағы барлық алаңдар, тұрғындардың сүйікті орындарына айналған саябақтар мен гүлзарларда 40-тан астам мәдени, спорттық бағдарламалар ұйымдастырылады. Көрмелер мен концерттер ғана емес, халықтық серуендер де өтеді. Биылғы жылы мәдениет және демалыс саябағында ерекше бағдарлама қойылады», - дейді Е.Аманшаев.
Оның айтуынша, жастарға арналған алаңдарда интерактивті ойындар, фестивальдар өтеді.
«Спорттық биге, веложарысқа қызығатын адамдарға арналған іс-шаралар да назардан тыс қалмайды. Түрлі спорттық ойындар 28 маусым күні веложарыстан басталады. Оған 1000 жуық адам қатысады деп күтілуде. Спортшылар «Салтанат Сарайынан» «Астана Аренаға» дейін жүріп өтеді», - деп толықтырды әкімнің орынбасары.
Сонымен қатар, «Алау» спорт кешенінде үстел теннисінен жарыс өтеді. Бір уақытта 1000 жуық адам ойнайды деп жоспарлануда.
«Сондай-ақ, елордалықтар қала бойынша кітап көрмелері мен поэзия кештеріне қатысады», - деп толықтырды ол.