Астана күні аясында Алаш арыстарына тағзым етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Жастар сарайында Астана күнін мерекелеу аясында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің туғанына 120 жыл тоолуына орай «Астанадан тағзым» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Астана күні аясында Алаш арыстарына тағзым етілді

«Кештің мақсаты - ұлттық руханиятымыздың өзегі, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын халық арасына кеңінен насихаттау, ұлы тұлғалардың бейнелері арқылы жастардың ұлтжандылық сезімін ояту, елін, жерін, туған тілін сүю - Отан алдындағы қасиетті борыштары екендігін ұғындыру», - деп атап өтті Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов.

Кеште жоғарыда аталған бес арыс туралы бейнесюжет арқылы мәліметтер беріліп, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың арнауымен ашылды. Серік Оспанов, Сәкен Майғазиев, Ардақ Балажанова, Лена Әбдіхалықова және тағы басқа әншілер Алаш қайраткерлерінің өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. Сонымен қатар, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысуымен сахналандырылған көріністер қойылды.