Астана күні қарсаңында 300-ге тарта аула абаттандырылады

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Астанада Қала күні мерекесіне орай тек концерттер мен мерекелік бағдарламалар ғана дайындалмай, сонымен қатар қаланы абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл туралы Астананың 15 жылдық мерекесін әзірлеу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті штабының медиатобы хабарлайды.

Астана күні қарсаңында 300-ге тарта аула абаттандырылады

Астана күнінде Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарында 300-ге тарта аула абаттандырылмақшы.

Жұмыс сәуір айының ортасында басталып кеткен болатын. Көшелерге асфальт төселіп, жарықтандыру тіректері, шағын сәулет пішініндегі балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары жабдықталуда. Мысалы, тек Есіл ауданында ғана Қала күніне 15 спорт алаңы, 26 балалар ойнайтын алаң орнатылады.

Аталған блогтар бойынша істелген жұмыстардың нәтижесі Қала күніне орай шығарылады. Сонымен бірге мерекені әр қала тұрғынының жанына жақын етіп өткізуге жағдай туғызу жоспарланған.

Мұндай іс-шаралардың түпкі негізі - алдағы Қала күнін мерекелеуге жақсы мүмкіндіктер туғызып, әлеуметтік жағдай жасау. Үгіт-насихаттан гөрі, қала тұрғыны үшін лифт, автотұрақ, балалар алаңының ойдағыдай жабдықталып, қала көшелерінің мұнтаздай таза болуы мерекеге деген көңіл күйін анағұрлым арттырары түсінікті.