Астана күні қарсаңында экономиканың әр саласында 18 жоба іске қосылады - Индустрия және сауда министрлігі

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астана күні қарсаңында, яғни шілденің 6-ына қарай 18 инвестициялық жоба іске қосылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті,

Астана күні қарсаңында экономиканың әр саласында 18 жоба іске қосылады - Индустрия және сауда министрлігі
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, шілденің 6-ына қарай іске қосылатын жобалардың саны 18-ге жетіп отыр. Олардың құны 78 миллиард теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 мың 700 жұмыс орны қамтылған. Бұл жобалар еліміздің 7 аймағында жүзеге асырылмақ. «Жалпы айтқанда, шілденің 6-ында Ақтөбе облысында 10 жоба, Қызылорда облысында - 1, Қарағанды облысында -1, Маңғыстау облысында - 2, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Оңтүстік Қазақстан облысында -1, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында бір-бірден жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Ал қалған өңірлерде шілде айында мұндай мүмкіндіктер жоқ», - деді ол. Ә. Исекешев екінші топта 2009 жылы іске қосылатын құны 469 миллиард теңге көлеміндегі 107 жоба бар екенін айтып өтті. Бұл жобалар аясында 13 мың жұмыс орны жасақталмақ.