Астана күні қарсаңында елордада ІІ Батпырауықтар фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күні аясында Астанада 4-6 шілде күндері сағат 12.00-де ІІ Халықаралық «Астана Аспаны» батпырауықтар мен әуе шарлары фестивалі өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Фестивальға Испания, Сингапур, Германия, Ресей және Австрия елдерінің дизайнерлері қатысады. Астанаға Prokite (Ресей), Рольф Циммерманн (Rolf Zimmermann) (Германия), Анна Рубин (Anna Rubin) (Автрия), испандық Педро Гонсалестің (Pedro González) өкілдігімен Los Hermanos Show Kites (Испания) командалары келеді. Биылғы фестивальдің ерекшелігі - ол үш күнге жалғасады.
Астанадағы мерекелік іс-шаралардың ресми сайтының хабарлауынша, балалар мен ересектерге арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырлып, тәжірибелі шеберлер батпырауықты қолдан жасауды үйретеді.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, фестиваль аумағы секцияларға бөлінеді. Кіре берісте шатырлар тігілген демалыс аумағы орналасады, екінші аумақта музыканттар мен диджейлер өнер көрсететін сахна қойылады. Келушілерге демалу үшін арнайы лаундж секция ұсынылады. Кәсіби мамандар ең үлкен және дизайнерлік батпырауықтарды арнайы қоршалған аумақтарда ұшыратын болады.
Қала тұрғындары мен қонақтары батпырауықтарды сатып алып, ортақ алаңда ұшыра алады.
Еске сала кетейік, «Астана Аспаны» батпырауықтар фестивалі алғаш рет 2014 жылы 5 шілдеде өткен болатын.