Астана күні қарсаңында қала театрларында бірнеше қойылымның тұсаукесері өтеді
Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы хабарлайды.
Мереке күндерінің қарсаңында театрсүйер қауымды келесі тұсаукесерлер күтеді.
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында «Тіл табысқандар» комедиясының тұсаукесері өтпек. Режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Б. Ұзақов. Қойылым желісі былайша өрбиді. Астана қаласының туған күні қарсаңында көптен көрмеген бауыры Мұқамбетті іздеп келген ауылдағы әпкесі Болдуқан күлкілі оқиғаға тап болады. Қойылым көрерменді күлдіре отырып, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі - тіліміз туралы ойлатады.
Б.Ұзақов 1994-97 жылдары Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Драма режиссері» мамандығын халық артисі М. Байсеркенов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С Асылхановтан бітірген. 1997 жылы Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына арнайы шақыруымен келген, сол уақыттан бері жиырма екіге тарта қойылымды сахналады.
Ал М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Торғайдың ұясы» трагедиясының тұсаукесері болады. Қоюшы-режиссері ҚР Еңбек сіңірген әртісі Бекболат Пармано, қоюшы-суретшісі -ҚР Мәдениет қайраткері Қанат Мақсұтов, басты рөлде - Светлана Фортуна.
«Менің еркіндігім өзгенің еркіндігі басталған жерде тәмам болады». Бұл Эдит Пиафпен ұқсас бетпердесінің астарына өзі өзінен жасырынған спектакль кейіпкерінің сөзі. Әйгілі әншінің өмір тарихы өзі үшін баспанаға айналса, Эдит Пиаф өмір сүруге күш береді. Спектакль кейіпкері біртіндеп асыл ой ұшығын шығарады. Адамға өмір сүруге күш беретін - үміт пен сенім. Спектакльде Эдит Пиафтың музыкасы мен әндері жанды дауыста орындалады.
Сондай-ақ Астана қаласының Қуыршақ театрында «Мереке» қойылымының тұсауы кесіледі. Авторы - К.М.Ежембеков, режиссері - К.Х.Ешмұратова. Жыл он екі ай нышандары мерекелік шаңырақ астына бас қосып, әрқайсысының өзінің шығу тарихы туралы сыр шертеді. Әр кейіпкер сонымен бірге түрлі ұлттардың дәстүрлерін тілге тиек етеді. Кішкентай көрермендер ойын түрінде түрлі елдердің мерекелік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен танысады. Бірегей қойылым әр елдің мәдениетімен таныстырып қана қоймай, өз мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Спектакль барысында кішкентай көрермендер кейіпкерлерге көмектесу арқылы өздері де қойылым қатысушылары атанады.