Астана күні кең көлемде атап өтілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 шілде күні Астананың туған күні барша еліміз бойынша кең көлемде атап өтілуде. Осы айтулы датада әуелеген әуендер, күмбірлеген күйлер, шаттықтан бал-бұл жанған жүздер, сәбилердің қуанышқа толы тәтті күлкісі, сахнада мың бұралып би билеген қыздардың өнері, палуандардың сайыстары, ұлттық ойындар, ақындардың шабытты жырлары елордамыздың келбетін одан сайын ажарландыра түсті. Орталық алаңдағы мерекелік шараны тамашалауға келушілердің де қарасы көп.
Ағымдағы жылы 6,7,8 және 9 шілдені қоса есептегенде қазақстандықтар елорда күнінде 4 күн қатарынан демалады. Осы төрт күн бойы ел аумағында мерекелік шаралар өтпек.
Астана күніне байланысты елордадағы шараларға тоқталсақ, олар әдеттегідей сан түрлі фестивальдермен, өнер және ән кештерімен өрнектелді. Бір аптадан бері шаһарда елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени-бұқаралық шаралар көптеп ұйымдастырылуда.
Бүгін таңертеннен «Бәйтерек» монументі алаңында отандық және шетелдік өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт өтіп жатыр.
Қаладағы ірі нысандардың бірі «Хан Шатыр» алаңындағы ауқымды мерекелік бағдарлама бойынша елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени-бұқаралық шаралар көптеп ұйымдастырылады. 8 шілде күні бұл орталықта Қазақстанның эстрада жұлдыздарымен мерекелік концерті, ал 9 шілдеде Астана қаласы Ұлттық оркестірінің концерті өтеді.
Бұдан бөлек, бүгін «Керуен» ОСО маңындағы алаңда кешке дейін «Қала күніне» арналған концерт болады. Ал ертең "Keruen City" ОСО-да Бүкіләлемдік шоколад күніне орай шеберлік сабақтар, ойын-сауық бағдарламасы жоспарланған. 8 шілдеде сурет салу бойынша шеберлік сабақтары өтпек.
Елорда күнін мерекелеу аясындағы ірі шаралардың бірі ашық аспан астында өтетін рок-концерт болмақ. Кештің қатысушылары «Motor-Roller» және «UMAY» топтары. Концерт 6 шілдеде қалалық алаңда өтеді, басталуы - сағат 20:00.
Астана тұрғындары мен қонақтары ортағасылардағы көшпелілер мәдениетін тамашалау мүмкіндігіне ие болады, осы орайда бұл тамаша көріністі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанында «Көшпелілер қаласы» тарихи-этнографиялық, мәдени-ойын-сауық кешенінен тамашалауға болады.
Сонымен қатар 15:00-де «Жастар» сарайының жазғы алаңында караокеден Астана әкімінің кубогына «Бәрі де ән айтады» ашық чемпионаты өтеді. Топ жарған әнші әкімнің кубогын иеленіп, ақшалай сыйлыққа ие болмақ.
Сонымен қатар бүгін әлемдік турне аясында үздік мәнерлеп сырғанаушылар Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Никита Михайлов, Анастасия Мартюшева, Нодар Маисурадзе, белгілі канадалық мәнерлеп сырғанаушы Эмануэль Сандю мен басқалары мұз айдынында ғажайып «Щелкунчик» шоу ертегісін көпшілік назарына ұсынады. Қойылым күн сайын шілденің 6-сы мен 15-сі аралығында сағат 19.00-де «Барыс Арена» стадионында өтеді.
V «Серпер» халық аспаптары оркестрлерінің фестивалі аясында 6 шілдеде қала әкімдігінің сахна төрінде Қазақстан мен Ресейдің 6 оркестрінің 200 музыканты «Серпер», «Сарыарқа» сынды үздік күйлерді орындайтын болады. Концертті көрермендер сағат 13:00 - 15:00 аралығында тамашалай алады.