16:35, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Астана күнін атап өтуге қатысты дайындық шаралары басталды
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана күнін атап өту барысында мыңдаған адамның қатысуымен орталық алаңда өтетін флэш-мобты «Google earth» ғарыштық бақылау жүйесі суретке түсіріп, әлем жұртшылығының назарына паш ететін болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Астана күнін өткізу мен оны ұйымдастыру бойынша штабтың креативті директоры Тигран Туниянцтың айтуынша, мыңдаған адамның қатысуымен өтетін флэш-моб елорданың үлкен алаңдарының бірінде өткізіледі. Олар Қазақстанның символы болып табылатын белгілі бір бейнені (ол ту, «Бәйтерек» немесе т.б. болуы мүмкін) көрсету үшін сапқа тұрғызылып, «Google» компаниясына тиесілі «Google earth» ғарыштық бақылау жүйесімен суретке түсірілетін болады. Ол суретті әлемдік ғаламтор арқылы Астана туралы мағлұмат алғысы келген кез-келген адам көре алады.Сондай-ақ қала күнін кеңінен атап өту үшін - жаяужолдарға суреттер салу, балалар үйін аралап, базарлықтар тарату, концерттік қойылымдар қою мен көгершіндерді көкке ұшыру рәсімі, тірі мүсіншелер фестивалі, Мадридтік опера әншісі Плачидо Домингоның концерті, барлығы 30 мәдени іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Олар маусымның 25-інен бастау алып екі жетіге созылады. Бүгінде қала күнінің логотипі жасалып, ұран сөздері белгіленді. Логотип қала көшелеріне маусымның 1-інен бастап ілінетін болады. Ал ұран сөздер мен қала күніне қатысты басқа да суреттер көпшілік назарына сыртқы безендірудің екінші (маусымның 15-і) және үшінші (маусымның 24-і) кезеңдерінде ұсынылады.