Астана күнін мерекелеу кезінде бірқатар жол-көлік бағыттарына шектеу қойылады

АНА. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының Жол полициясы басқармасы қала күнін мерекелеу барысында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар аялдамалар, автотұрақтар мен автокөлік жолдары жабылатынын ескертеді,

Астана күнін мерекелеу кезінде бірқатар жол-көлік бағыттарына шектеу қойылады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана күні атап өтілетін шілденің 4,5 және 6-сы күндері жаяу азаматтар мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі мен қозғалыс ыңғайлылығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шаралар туралы бұқараны хабардар ету үшін бүгін Астана қаласы Жол полициясы басқармасының бастығы Бақтыгелді Айқымбеков журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

 Оның атап көрсеткеніндей, шілденің 3-і күні сағат 19.00-де болатын 30 мың орынға арналған Жабық стадионның ашылу салтанатында стадион маңындағы автотұрақтың шағын болуына байланысты, онда тек қоғамдық көліктер ғана қатынайтын болады. Келемін деушілерді ақысыз жеткізетін автобустарға отырғызу қатаң белгіленген жиналу орындарында сағат 15.00-ден басталады. Соңғы жеткізіп салу уақыты - 17.30. Аялдамалардың орналасу орны -  Республикалық ұлан (троллейбустардың соңғы аялдамасы), «Отан қорғаушылар» мемориалының автотұрағы (Мұңайтпасов көшесінің бойы), «Жастар» сарайы (Республика даңғылы), К.Байсейітова атындағы опера және балет театры, «Бәйтерек» (Ақмешіт көшесінің бойы), Цирк (Қорғалжын тас жолының бойы), «Нұр Астана» мешітінің автотұрағы.

 Сонымен қатар, Жабық стадионда мерекелік шаралардың өтуі кезінде Тұран даңғылымен қиылысатын жол учаскелеріндегі көліктер қозғалысына шектеу қойылады. Ал Әуежай, Пригородный және Қосшы елді мекендері бағытына баруды жоспарлаған жүргізушілерге - Абылайхан даңғылы, Екатеринбург-Алматы жол тармағы (Вишнев тас жолы) - Солтүстік-шығыс айналма жолының көлік өткелі - Оңтүстік айналып өту шеңбері - Әуежай тас жолдары бағытын пайдаланған дұрыс.

 Сондай-ақ шілденің 4-інен бастап қаланың ескі орталығында «Астанаға шашу» концерттік бағдарламасының өтуіне байланысты Бейбітшілік көшесінен бастап Бигелдинов көшесіне дейін көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады. Сонымен бірге, жүргізушілерге Кенесары және Абай көшелерінің бойында автокөліктерін уақытша қалдырып кетуге тыйым салынады. Машиналарды Желтоқсан, Бөкейхан және Бейбітшілік көшелерінің бойында ұйымдастырылатын уақытша тұрақтарда қалдыруға болады.

 Шілденің 6-сы күні «Қазақ елі» монументінің жанында «Астана - өмір әуені» гала-концертінің өтуіне байланысты Манас көшесі арқылы тікелей қозғалыс жабылады. Сол сияқты осы күні «Арман - Астана» гала-концерті өтетіндіктен Орынбор, Тәуелсіздік және Достық көшелеріне көліктердің өтуіне тосқауыл қойылады. Автокөліктерді уақытша қою үшін Сығанақ, Орынбор және Сауран көшелерінің жол табанын пайдалануға болады.