Астана күнінде билеттерден түскен 20 миллион теңге 25 мүгедек баланың емделуіне жұмсалады - әкімдік
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Астана күнінде билеттерден түскен 20 миллион теңге 25 мүгедек баланың емделуіне жұмсалады,
деп хабарлады Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина.
«Астана күнінде билеттерден түскен 20 миллион теңге мүгедек балалардың емделуіне бағытталады. 25 жеткіншек әлемнің ең үздік клиникаларында денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алады», - деп атап өтті ол, әкімдікте қамкөңіл балалардың ата-аналарына арнайы ақшалай сертификаттарды табыстау рәсімі кезінде.
«Астана қаласының мүгедек балалар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қамқа Жасанованың айтуынша, елордада 1,5 мыңға тарта мүгедек бала бар.
«Олардың барлығына да қоғамның көмегі мен мейірімі қажет. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық олар үшін бағаланбас дүние. Соңғы 5 жылда Астана мерекесінен түскен қаржы 50-ден астам баланың емделуіне мүмкіндік берді», - дейді Қ. Жасанова.
Жылда өткізілетін дәстүрге жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. 2008 жылы билеттерді сатудан және қайырымдылық шараларынан 7,5 млн. теңге жиналған. Ол ақшаға мүгедектерге арналған «Қайсар» мамандандырылған спорт мектебіне автокөлік пен мүгедектерге арналған 12 арба сыйға тартылған болатын. 2009 жылы ота жасату үшін 13 мың АҚШ доллары 5 жасар Максим Куликовқа берілді. 2010 жылы қаражат 5 мүгедек баланың емделуіне жұмсалды. 2011 жылы 11 млн. теңге жиналып, бірнеше балғынның өміріне араша болды.