Астана күнінде спорттың бірнеше түрінен жарыс өтеді

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астананың 11 жылдық тойына орай бұқаралық спорт түрлерінен бастап, кәсіби спорт түрлерінен де түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

Астана күнінде спорттың бірнеше түрінен жарыс өтеді
Оған еліміздің кәсіпқой спортшылары мен шетелдік майталмандар қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шілденің 4-інде «Думан» ойын-сауық кешенінің алдындағы алаңда стритболдан жарыс өтеді. Оған кез-келген спорттық дайындығы бар астаналық қатыса алады. Әрі облыстардан да командалар шақырылды. Алдан-ала болжам бойынша, барлығы 120 команда 600-ге тарта спортшы қатысады. Шілденің 5-інде «Астана кубогы» дәстүрлі веложарысына қазақстандық шабандоздармен қатар, шетелден де спортшылар шақырылып отыр. Барлығы 500 велосипедші қатыспақ. Шабандоздар жарысы елордалықтардың көз алдында өтеді. Мәре Орталық стадионнан басталады. Көмбе ? «Бәйтерек» ескерткіш кешені. Шілденің 3-і мен 5-і аралығында Ұлттық теннис орталығында өтетін «Астана ? 2009» халықаралық спорттық би турниріне еліміздің және шетелдік шеберлер қатысады. Олар IDSF жоғары санаты бойынша 3 чемпионатта бақ сынайды. Астаналықтар вальс, фокстрот, экспрессивті танго, самба, ча-ча-ча, румба ырғағында тербелген би жұптарының өнерін тамашалайды. Ал, шілденің 1-5-і аралығында «Қазанат» спорт кешенінде ат спортынан Президент кубогының жарысы өтеді. Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, ауыр атлет Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан жарыс болады. Ол шілденің 3-і күні Астана циркінің алаңында жалауын көтереді.