Астана күніндегі концерттік бағдарламалардың билет құны 750 мен 100 мың теңге аралығында

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат - Қала күні мерекесінде өнер көрсететін барлық өнер жұлдыздарының билет құны халық үшін қолжетімді,

Астана күніндегі концерттік бағдарламалардың билет құны 750 мен 100 мың теңге аралығында

деп хабарлады Астана әкімдігінен.

Әлемге танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасын шілденің 4-інде майталман пианист Денис Мацуев жеке концертімен «Қазақстан» орталық концерт залында бастайды. Қазіргі уақытта оның концерттерінің кестесі бірнеше жылға алдын ала дайындалады. Ол жылына 100-ден астам концерт беретін әлемдегі бірден бір өнер жұлдызы. Концерттің билет бағасы - 900-бен 4000 теңге аралығында.

Шілденің 5-інде дәл осы залда опера жұлдызы Дмитрий Хворостовскийдің композитор Игорь Крутоймен бірге «Дежавю» концерттік бағдарламасы өтеді. Билеттер бағасы 5 мың мен 100 мың теңге аралығында.

Ал шілденің 6-ына жоспарланған әнші, Ресейдің еңбек сіңіріген әртісі Александр Серовтің жеке концертіне кіру - 2 мың мен 6 мың теңге аралығында болмақ.

Танымал американдық джаз орындаушылар Николь Генри мен Кимберли Дэвистің концерті 750 мен 3500 теңге аралығында бағаланып отыр.

Қалтаңызда 1500-ден 10000 теңге аралығында ақшаңыз болса, онда шілденің 3-4-і күндері Бейбітшілік пен келісім сарайында басты рөлде ресейлік танымал актер Сергей Безруков ойнайтын «Басбұзар» музыкалық-поэтикалық спектакльді тамашалай аласыз.

Сонымен қатар шілденің 6-ында «Астана-Арена» стадионында қазақстандық, ресейлік, шетелдік өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Американдық әнші Ne'Yo мен Morandi, сондай-ақ «312», «А-Студио» топтары, Сергей Лазарев сынды эстрада жұлдыздары қатысатын «Асқақтай бер, Астана!» думанды кешіне кіру 1,5 мың теңге.