Астана күніне арналған «Салем Астана» шарасына 500-ден астам бала қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың орталық алаңында елорда күніне орай өткізілген мерекелік іс-шараға 500-ден астам бала қатысты.
Олар шараға арнайы құрылған сахнада ән салып, би билеп, қала халқы мен қонақтарына өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар қазақ халық аспаптары оркестрі Астананың 17 жылдығына арнап 17 күй орындады. Сондай-ақ жас өнерпаздар қазақтың көне аспаптары қылқобыз, жеріген аспаптарымен түрлі композициялар орындап, фольклорлық және би ұжымдары көрермендерге қайталанбас әсер сыйлады.
Әкімдік алдындағы алаңда жас суретшілердің қолынан шыққан суреттер көрмеге қойылып, өнерсүйер қауымға таныстырылды.
«Елорда күні - ең әдемі мерекелердің бірі. Бүгін бұл көрмеге біздің мектептің 30 шақты оқушысы қатысуда. Олар өз жұмыстарын Астананың әсем келбетіне арнайды. Осы көрмеден кейін бұл суреттер мектепке қойылады», - деп атап өтті балаларға арналған сурет мектебінің директоры Гүлзия Исенова.
Айта кетейік, шараны Астана әкімдігі, қалалық білім басқармасы және №1 балалар музыка мектебі ұйымдастырып отыр.