Астана күніне орай 70-ке жуық шара өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдымызда келе жатқан Астана күні мерекесі қарсаңында елордада жаңа нысандар пайдалануға беріліп, саябақтар ашылады. Сонымен қатар, айтулы күнге орай Астана төрінде 70-ке жуық шара өткізілмек. Бұл жайында бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі барысында айтылды.

Астана күніне орай 70-ке жуық шара өткізіледі

«Астана - Елбасы идеяларының ең тамаша туындыларының бірі. Алдағы Астана күні тойында біз елорданың мемлекеттің дамуындағы рөліне көңіл бөлеміз. Барлық шаралардың идеологиялық мазмұны бар, олар осынысымен құнды. Жылдағы дәстүрлі шаралардан басқа бағыты бөлек, мазмұны жаңа шаралар осыны айғақтайды. Жалпы барлығы 70-ке жуық шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде қала көшелері мен саябақтары және гүлзарларында өтетін шараларға басты назар аударылып отыр. Негізінен мұндай шаралар көбіне ел көңілінен шығады. Ал енді ауқымдық деңгейдегі шаралардың қатарында «Аялаған Астана» телевизиялық байқауы, театр фестивалі, «Мәңгілік Ел» мүшәйрасы, отандық орындаушылардың «Ән жүрегім Астана!», «Шуақты қала Астана» концерті бар», - деді Астана қалалық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Болат Тілепов.

Басқарма жетекшісі Астана күніне орай өткізелетін шаралар мәдени бағдарламалармен ғана шектеліп қоймайтындығын да атап өтті.

«Астана күні дегеніміз бұл тек той-думан емес. Қаланың өзге жағдайларына көңіл бөлуді қолға алып отырмыз. Атап айтсақ, «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының үйлерін абаттандыру, жарықтандыру, спорт алаңқайларын салу қолға алынды», - деді басқарма басшысы.

Астана қалалық Мәдениет басқармасы жетекшісі Болат Мажағұлов болса биыл Астанада көше шаралары көп болатындығын айтып отыр.

«Биыл өткен жылдың қорытындысы бойынша біз қала тұрғындары мен қонақтары арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сол себепті біз биыл көше шараларына басымдылық берудеміз. Биылғы жылы қалада жаңа саябақтар салынды. Әр парк өзінше ерекшеліктерге ие», - дейді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, Астанада әлемдік опера жұлдызы Анна Нетребко, La Scala театры, эстрада жұлдызы Akon, Blue тобы, Полина Гагарина, Лариса Долина және өзге де өнер жұлдыздары келмек. Алайда, бұл жолы отандық жұлдыздарға ерекше басымдық берілетін болады.

«Жыл сайын біз мерекеге бөлінетін қаражат шығынын оңтайландыру жағын есекереміз. Біз қала күні мерекесінде тепе-теңідкті сақтау үшін коммерциялық бағыттағы, мереке шығынын ақтау мақсатында ұйымдастырылатын шаралардан бөлек халық үшін тегін де шаралар өткіземіз. Мысалға, «А-студио» тобына концерттік зал мен жарнама беріп отырмыз», - дейді басқарма жетекшісі.

Оның есебіне сенсек, биыл мерекеге шамамен 700 млн теңге қаражат бөлінген. Шараға жалпы саны 20 мың адам қатыспақ.

Айта кететін тағы бір жайт, мереке қарсаңында Астанаға арнау жазған ақындарды марапаттау рәсімі де өтеді. Белгілі ақын, С.Сейфуллин атындағы музей директоры Несіпбек Айттың хабарлауынша, мерекелік мүшәйраға 60-тан астап жыр келіп түскен. Қатысушылар арасында Қытай мен Моңғолия ақындары да бар көрінеді.

«Биыл «Мәңгілік Ел - ұлт мұраты» байқауына елімізбен қатар Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыздан 60-тан астам шығарма келіп түсті. Мүшәйра осымен төртінші рет өтіп отыр. Осыған дейін Тәуелсіздік, Отан, Астана тақырыптарында өтті. Биылғы шараның ерекшелігі - жастардың көптеп қатысуында болып отыр», - деді Н.Айтұлы.

«Астаның әсемдігін жырлауға келгенде ақындарымыз ерекше шабытпен жырлады. Осыған дейін келіп түскен өлеңдер кітап болып басылады. Биыл біз 15 ақынға жүлде тағайындап отырмыз. Онымен қоса, арнаулы сыйлықтарымыз да бар. Биылғы жыр мерекесі Астанаға арналады. Астана тойында поэзия да қалыс қалмайтындығын осылай көрсетпек. Алдағы 1 шілде күні «Конгрес холл сарайында» қатысқан ақындарымызды марапаттау кешін ұйымдастырамыз», - деді музей директоры.