Астана күніне орай «Ромео мен Джульетта» әлемдік балеті алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылады

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» әлемдік балеті алғаш рет қалқымалы көпір үстінде Астана қаласында қойылады.

Астана күніне орай «Ромео мен Джульетта» әлемдік балеті алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылады

Астана күні мерекесін атап өту аясында биыл кезекті рет Есіл өзенінің үстінде «Әуен - ағыс» классикалық музыка және балет кеші өтеді. Есіл жағалауындағы аспаптық музыка кештері алғаш рет 2008 жылы, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Қалалықтар мен елорда қонақтарының көңілінен шыққан кеш дәстүрге айналды. 4-6 шілде күндері аралығында өтетін биылғы концерттің бағдарламасына енгізілген жаңашылдық - әртүрлі жанрлармен ұсынылатын музыкалық эклетика.

Бүгін өткен баспасөз мәслихатында сценарийші Игорь Фролов, «Әуен - ағыс» кеші өнер сүйер қауым үшін кезекті рет жаңа әрі қызықты бағдарламалар ұсынатынын жеткізді. «Тосынсыйлардың барлығын ашпаймын, тек олардың арасында Сергей Прокофьевтің қойылымындағы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» балеті барын айта аламын. Концерттер сериясы әлемге белгілі осы балетпен ашылатын болады», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, балеттің тұсауы алғаш рет 1938 жылы Брно қаласында (Чехословакия) кесілді, одан кейін ол әлем елдерінің ықыласына бөленді. «Ромео мен Джульетаның» Астана қаласындағы ерекшелігі - балеттің алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылуы. Сол себепті бишілерге екі есе күш-жігер салуларына тура келеді.

Келесі күні, 5 шілдеде концертті Н.Үсенбаева, Ж.Баспақова, С.Байсұлтанов, Г.Дәуірбаева, С.Рахметова, Д.Табылды сынды опера жұлдыздары, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппасы және симфониялық оркестр опералы-балет гала-концертімен жалғастырады.

Мерекелік бағдарламаны 6 шілде күні симфониялық оркестр қазақ және әлемдік белгілі классикалық музыкалармен аяқтайды.