Астана күнiнен түскен қаражат 30-дан астам мүгедек баланың емiне бөлiндi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Астана әкiмдiгiнде мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ем-домға қажеттi ақшалай сертификаттар табысталды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаеваның айтуынша, 2008 жылдан берi «Бәйтерек» қайырымдылық қоры осы мақсаттарға қаражат жинаумен айналысып келедi.
«Бiз жылына екi рет қайырымдылық акцияларын өткiземiз - ол Астана күнi мен Жаңа жылдық балл. Олардан түскен қаражаттарды бiз мұқтаж балаларға берiп келемiз», - дейдi ол.
Оның сөзi бойынша, 2008 жылдан берi осындай сертификаттарға 96 балаға жалпы көлемi 103 млн. теңге болатын қаржы табыс етiлген.
«Биыл Астана күнiнде өткiзiлген қайырымдылық шаралары барысында 25 млн. теңге жиналды. Бұл қаражат лейкозбен және ми iсiгiне душар болған 33 жеткiншекке үлестiрiлiп отыр», - дедi А. Алтыбаева.