Астана күніне орай елордада қандай спорттық іс-шаралар өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана күні қарсаңында елордада салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және қала тұрғындары мен қонақтарының белсенді демалысын ұйымдастыруға арналған ауқымды спорттық бағдарлама әзірленді.
Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ басшысы Азамат Белгібаев айтты.
— Астана күнін мерекелеуге арналған барлық спорттық іс-шараға қатысу да, көрермен ретінде тамашалау да тегін. Бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарының барлық жас санатын қамтиды, — деді спикер.
Республикалық және қалалық деңгейдегі чемпионаттар
Мерекелік спорттық бағдарлама 2 шілдеде, яғни бүгін басталды. Алғашқы жарыс ретінде «Толқын» спорт кешенінің артындағы ескек есу арнасында байдарка және каноэде есуден Астана қаласының дәстүрлі чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионат 4 шілдеге дейін жалғасады.
3 шілдеден бастап «Аспан» спорт кешенінде ересектер арасында асық атудан республикалық командалық чемпионат басталады. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген үздік асықшылар қатысады. Турнирдің ресми ашылуы 4 шілдеде өтсе, жеңімпаздар 6 шілде күні марапатталады.
Kids RUN, ұлттық ойындар және Urban Fest
4 шілде күні Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында 6-15 жас аралығындағы балаларға арналған Kids RUN жарысы ұйымдастырылады. Қатысушылар 300 метр, 500 метр және 1 шақырым қашықтықтарында бақ сынайды. Қазір reg.elordasport.kz сайтында тіркелу жалғасып жатыр, қатысушылар саны мың адаммен шектелген. Барлық қатысушыға естелік медаль табысталады.
— Сол күні «Ұлытау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақтың дәстүрлі «Жілік сындыру» ойынынан республикалық турнир өтеді. Сонымен қатар Sana Sport спорт кешенінің жанындағы скейт-паркте Astana Day Mass Sports: Gorilla Power Your Instinct Tour 2026 — Urban Fest көше спорты фестивалі ұйымдастырылып, скейтбординг, BMX, ролик және самокат спортының өкілдері өз шеберліктерін көрсетеді, — деді Азамат Белгібаев.
Аудан тұрғындарына арналған спорттық бағдарлама
5 шілдеде «Сарыарқа» ауданында «Астана — есірткісіз қала» акциясы аясында SARYARQA RUN бұқаралық жүгіру жарысы өтеді. 16 жастан асқан қатысушылар 4 және 7,6 шақырым қашықтықтарға жүгіреді. Ұйымдастырушылар айтуынша, шамамен 1800 адам қатысады.
Сонымен бірге мереке күндері қаланың әр ауданында әуесқойлар арасында волейбол турнирі, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Өмірді сезін» спорттық іс-шарасы, тұрғындарға арналған отбасылық эстафеталар, гір көтеру, асық ату және арқан тарту жарыстары ұйымдастырылады.
— Мерекелік бағдарлама әртүрлі жас санатындағы тұрғындарды қамтиды. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар барлық аудан тұрғындары үшін қолжетімді болады, — деді Азамат Белгібаев.
Астана күнінің басты додалары
6 шілдеде Триатлон паркінде 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында «Жас Қыран» күрес фестивалі өтеді. Онда еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо және грэпплинг бойынша белдесулер ұйымдастырылады.
Сол күні «Хан Шатыр» маңында балалар мен ересектер арасында «Астана сақасы» асық ату жарысы өтеді. Сонымен қатар Қорғалжын саябағында және Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық жарыстар ұйымдастырылады.
Қала күніне арналған спорттық бағдарламаның қорытындысы ретінде дәстүрлі «Толағай» алыптар турнирі өтеді. Биылғы додада Қазақстанның үздік 20 палуаны тас көтеру, зілтемірді ұстап тұру, арба тарту және басқа да күш сынасу кезеңдері бойынша бақ сынайды.
Тұрғындарға арналған жазғы спорт бағдарламасы
Мерекелік іс-шаралармен қатар, елордада жаз бойы тұрғындарды спортқа тартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жалғасады.
— Қаланың саябақтарында «Йога» және «Скандинавиялық жүріс» жобалары аясында тегін жаттығулар өтіп жатыр. Сонымен бірге барлық алты ауданда Aula Fit жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шілденің ортасынан бастап балалар мен жасөспірімдерге арналған Aula Football жобасы басталады. Бұдан бөлек, «Өзіңнен баста!» және Street Workout жобалары аясында да тұрақты жаттығулар ұйымдастырылып келеді, — деді мекеме басшысы.
Оның айтуынша, барлық әлеуметтік-спорттық жобаға шамамен 30 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл бастамалар бұқаралық спортты дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етпек.
Бұған дейін 6 шілде күні ХҚО-лар қалай жұмыс істейтіні жөнінде жаздық.