Астана құрамасы велоспорттан күміс жүлдеге ие болды

Қазақстан астанасындағы ойын бәсекесіне Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан - барлығы 13 команда қатысты. Бұл туралы astana.kz сайты хабарлайды.
Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының хабарлауынша, елорда құрамасында 18 спортшы болған.
Бес жарыс күнінің қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 6 алтын, 1 күміс, 5 қола медальді қоржындарына салды. Командалық есепте Астана командасы 677 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді. Бірінші орында 796 ұпай жинаған Қарағанды облысы болса, жалпы командалық үшінші орын 529 ұпайды иеленген Алматы облысының өкілдеріне бұйырды.
Жастардың бұл ойынына Астана қаласының құрамасын велоспорт бойынша ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Владимир Березин дайындаған болатын. Ол өзінің шәкірттерінің жетістіктеріне дән риза, - деп атап көрсетеді ведомствоның баспасөз қызметі. Енді астаналықтар 2013 жылдың 17-23 маусым күндері Талдықорған қаласында өтетін жастардың тас жолдағы ойынына қатысуды жоспарлауда.