Астана құрамасы - велотректен Қазақстан чемпионы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» республикалық велотрегінде Қазақстан чемпионаты өткізілді. Шараны ұйымдастырушы - ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен қазақстандық велоспорт федерациясы.
Жалпы командалық есепте Астана құрамасы бірінші орын алды. Спортшылар тректің үш түрі бойынша - мэдисон, гит және спринтрлік жарыстарында сынға түсті. Мэдисонда жұптасып жарысудан ерлер арасында Оңтүстік Қазақстан облысының велошабандоздары Диас Өмірзақов пен Сұлтанмұрат Мырзалиев көш бастады. Ал жасөспірімдер арасында Вадим Пронский мен Тимур Қуатов үздік атанды.
Гит бәйгесінде 1000 метрлік қашықтыққа жұптасып бәсекелесуден астаналық Заки Сұлтанов пен Эдуард Розенберг топ жарды. 500 метрлік қашықтықта Амелия Сұлтанова ел чемпионы атанды.
Сонымен қатар, скретч пен спринтерлік жарыстар ұйымдастырылды. 7,5 шақырымдық скретч бәсекесінде Иван Зайцев (Астана) пен Жанерке Санақбаева (Қарағанды) бірінші орын алды.
Бұдан басқа, Жанерке қыздар арасындағы спринтерлік бәйгеде де топ жарды. Ал оның жерлесі Кирилл Руддер спринтерлік сында жеңімпаз атанды.
Ел біріншілігінде жалпы командалық есепте бірінші орынды Астана велотрекшілері жеңіп алды. Екінші орын - Алматы облысының спортшыларына, ал қызылордалықтарға үшінші орын бұйырды, деп хабарлады actana.kz