Астана қытайлық туристерді қабылдауға дайындалуда

Оның айтуынша, биыл қытайлық туристерді қабылдайтын елорданың 10 қонақ үйі дайындалған. Қалалық әкімдік қытайлық туроператорлардың санын 7 мыңға жеткізу жоспарлап отыр. Туристік инфрақұрылымды қытайлық қонақтарға бейімдеу мақсатында барлық жағдайлар жасалмақшы. «Біз бүгін «Welcome to Astana» сайты мен мобильдік қосымшасын іске қостық. Ол қытайлық туристерге өзіне қажетті ақпараттың барлығын қытай тілінде алуға мүмкіндік береді. Мысалы, олар бірден қаладағы бағытын анықтай алады, такси қызметіне жүгінеді, қонақ үй таңдайды»,-деп әңгімеледі баспасөз мәслихатында Асқар Адамбеков.
Қазақстандық туристік қауымдастықтың төрайымы Гаухар Жеңісбектің пікірінше, қытайлықтар қазір әлемдегі №1 туриске айналды. «Олар үшін Қазақстан жақын орналасқан туристік нүктелердің бірі. Демек біздің еліміздің бұл бағытта керемет мүмкіндіктері пайда болуда»,- деді ол.
Ол Астанада қытайлық туризмге қатысты паназиаттық конференцияның өткізілуі - бұл ортаазиялық аймақтағы елдерді біріктіріп, жаһандық деңгейдегі жалпыға ортақ танымал брендті құруға деген алғашқы қадам екенін мәлім етті. «Туристік қызмет көрсету деңгейін көтеру мәселесін қолға аламыз. Бұл бағыттағы қызметтің бәрі бір жүйеге біріктірілсе, елімізге келетін туристік жолдаманың құны аса қымбат болмауы керек. Біз қазір қытайлық туристердің Қазақстанға деген зор қызығушылығын көріп отырмыз. Сол себептен аса сапалы туристік өнімдер дайындауға тиіспіз. Бұл жерде туристік саладағы бизнеске көп жауапкершілік жүктеледі. Ең бастысы, біз бұл қадамымызды дұрыс, әрі қытайлық туристің көңілінен шығатындай етіп жасауымыз керек»,- деді ол баспасөз мәслихатында.
Айта кетелік, 24-25 маусым күндері Астанада қытайлық туризм бойынша бірінші паназиаттық конференция өтеді. Конференцияның мақсаты - туристерді тарту және Қазақстан мен Орта Азияның тартымдылығын арттыруға қатысты стратегия мен механизмдерді әзірлеу. Аталған басқосуға 250 мемлекеттің өкілдері қатысады. Оны өткізуге бастама көтеруші және «Chinese Friendly Kazakhstan»-ның негізін салушы Гаухар Жеңісбек.
Қытайлық туристердің әлемдегі №1 туриске айналғанын айттық. Енді осыған статистикалық тұрғыдан дәлел келтірейік. Мысалы, өткен жылы Азия-Тынық мұхиты аймағында 50 миллионнан астам қытайлық туристер демалған. Соның нәтижесінде аймақтағы туристік инфрақұрылымы жақсы дамыған елдер 45 миллиард АҚШ долларынан астам пайда тауыпты. Бұл - үлкен түсім.
Аталған конференцияны ұйымдастырушылар әлемдік деңгейдегі сарапшы-мамандарды шақырғанын хабарлады. Олардың айтуынша, Астанадағы басқосуға WTCF бас хатшысының орынбасары Yan Han мырза, ЮНЕСКО-ның өкілі Jose Maria Chiquillo Barber, Silk Road Chamber of International Commerce-нің бас директоры Li Zhonghang мырза келеді деп күтілуде. Қазақстандық туризмді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, конференцияның басты тақырыбы жаңа туристік бағыт - Жібек Жолын дамытуға арналады.