Астана Лиллехаммер Олимпиадасының қатысушыларын қарсы алды (ФОТО)

Естеріңізге сала кетейік, Норвегия елінің Лиллехаммер қаласында 12-21 ақпан аралығында өткен II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына 9 спорт түрінен, яғни биатлон, коньки мен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, шаңғы спорты, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (ски-кросс) және шана спорттарынан 15 пен 18 жас аралығындағы 18 спортшымыз қатысып қайтты.
Олимпиада ойындарында дүние жүзінің 70 мемлекетінен келген 1100 спортшы 16 спорт түрінен 70 медаль жинтығын сарапқа салды.
Қысқы Олимпиада ойындарынан жерлестеріміз төрт медальға қол жеткізді. Биатлоншы Арина Пантова мен мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбава қола, конькиші Анвар Мухамадиев күміс жүлдені, шорт-тректен аралас командалық жарыс бойынша 6-топта сынға түскен отандасымыз Анита Нагай болгар қызы Катрин Манойлова, латыш спортшысы Карлис Крусбергс және жапониялық Казуки Йошинагамен бірге өнер көрсетіп, Олимпиаданың қола жүлдесіне қол жеткізді.
Еске алатын болсақ, Инсбрук қаласында (Австрия) 2012 жылда өткен I қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында біздің спортшыларымыз 10 спорт түріне қатысып, үш медальға қол жеткізіген болатын. Онда шығысқазақстандық биатлоншы қыз Галина Вишневская күміс пен қола медальдарды жеңіп алған еді. Сондай ақ, шаңғышымыз Сергей Малышев қосымша қола медальға да ие болды.
Спортшыларымызды күтіп алу салтанатынан кейін, жүлдегерлерімізді сөзге тартып, аз-кем сұхбаттасудің сәті түскен еді.
Еркебұлан Шамуханов, Қазақстан делегациясының Олимпиаданың салтанатты ашылуында Мемлекеттік Ту көтеруші, шорт-трекші:
- Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысуым. Оның үстіне Олимпиаданың салтанатты ашылуында Мемлекеттік Ту көтеріп шықтым. Маған артылған үміт ауыр болды. Өзім де сондай ауыр жауапкершілікті арқалағанымды сезіндім. Алайда, жеңіс тұғырына жете алмадым.
- Оған не себеп болды?
- Жарыс болған соң неше түрлі болады. Қанша дегенмен Олимпиада ғой. Қобалжу болды. Екі реткі жарыста да жығылып қалдым. Бұл мен үшін үлкен сынақ, үлкен тәжірибе болды. Болашақта ондай қателіктерге бой алдырмаймын деген үміттемін.
- Осыған дейін қандай жетістіктерге қол жеткіздің?
- Осыған дейінгі ең үлкен жетістігім Австрия елінде халықаралық конькишілер одағы (ISU) ұйытқы болып өткізген «Danabia 1 - Austrian Open& Styrian Open 2015» жарысында жүлдегері атандым. Ал Қазақстан чемпионаттарында бірнеше рет жеңімпаз атандым.
Анита Нагай, II қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері:
- Жеңіске жету оңай болған жоқ. Бапкерлеріміздің арқасында, солардың нұсқауымен қола медальға қол жеткіздім.
- Қарсыластарың қаншалық мықты болды?
- Қарсыластарымның осалы жоқ. Бірақ, менде аздап тәжірибе жетіспеді деп ойлаймын.
- Болашақта өзіңнен озып кеткен спортшыларды қуып жетуге болады ғой...
- Әрине, мен болгариялық Катрин Манойлова, латвиялық Карлис Крусберг, жапониялық Казуки Йошинагамен «6 команда» сапында 4:17.181 минут уақыт көрсетіп, мәреге үшінші келдім. Бұл сында алтын медальді «2 команда» норвегиялық Ане Бай Фаршиада, оңтүстіккореялық Джи Ю Ким, бельгиялық Стейна Десме және франциялық Квентин Феркок, 4:14.413 минутпен жеңіп алды. Ал екінші орынды «3 команда» венгриялық Петра Язапати, австралиялық Джулия Мур, голландиялық Тьерк Де Боер, жапониялық Киичи Шигеиро, 4:14.495 минутпен жеңіп алды. Бұл көрсеткіш нәтижелер айырмашылығы аса үлкен көрсеткіш емес.
- Енді алдағы жоспарларыңмен бөлісе кетсең...
- Алда әлі талай бәсекелер күтіп тұр. Әр жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің туын биіктен желбіреткім келеді. Болашақта ересектер дуына қатысып, Олимпиаданы бағындыруды армандаймын.
Күнсұлтан Отарбай,
Суреттерді түсірген автор.