Астана-Лондон байланысы нығаяды – Мұрат Нұртілеу

нұртілеу
Фото: Kazinform/Солтан Жексенбеков

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Ұлыбританияның сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуінде қазақ-британ күн тәртібіндегі мәселелер ғана емес, Орталық Азия, Ауғанстан мен жалпы Еуразия кеңістігіндегі бірқатар өзекті тақырыптар ортаға салынды.

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өз сөзінде Ұлыбритания Қазақстанның аса маңызды әрі сенімді әріптесі, сондай-ақ ең ірі сауда және инвестициялық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

нұртілеу
Фото: Kazinform

«Екі елдің қарым-қатынастарының тамыры терең әрі тарихы айтарлықтай бай. Соңғы жылдары екі ел арасындағы сындарлы саяси диалог пен жан-жақты ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған қомақты әрі жүйелі іс-әрекеттер жасалуда. Елдерімізді сан қырлы іс-қимылды кеңейту мен тереңдетуге деген ортақ ниет бар. 11 жыл бұрын Кэмерон мырзаның Үкімет басшысы ретінде Қазақстанға шеккен сапары барысында ынтымақтастығымызды стратегиялық әріптестік деңгейге көтеру туралы бірлескен мәлімдеме жасалған еді. Ал, бүгін Қазақстан мен Ұлыбритания арасында стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, қатынастарымызды жаңа белеске шығардық», - деді Мұрат Нұртілеу.

Оның айтуынша, бұл тарихи маңызды әрі ерекше екіжақты құжат Астана мен Лондонның саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарына тың серпін береді.

Біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың өзегі – сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар екені сөзсіз. Осы ретте, алыс-берісімізді әрі қарай ұлғайтып, өзара тиімді жобалар мен бастамаларды қолдауға деген ортақ ниетімізді растадық. Елімізге озық технологиялар тартумен қатар, аса маңызды ғылыми-зерттеу әлеуетімізді дамыту мәселелері де талқыланды», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Белгілі болғандай, былтыр екіжақты тауар айналымы 1,2 млрд долларды құраған. Жиырма жылдан бері британдық тікелей инвестициялар көлемі 17 млрд долларға жеткен.

Соңғы жаңалықтар