«Астана LRT» ісі: Қаражат жымқыру схемасы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана LRT» ісі бойынша бірқатар жалған кәсіпорын тергеліп жатыр. Бұл туралы елордадағы брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы Сергей Перов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана LRT» ісі:  Қаражат жымқыру схемасы анықталды

«Тергеуде бәрі анықталатын болады. Жалған кәсіпорындармен LRT мердігерлік ұйымдары байланысты болған. Тергеуге байланысты олардың қанша болғанын нақты айта алмаймыз. Уақыты келгенде сіздерге барлығын хабарлайтын боламыз», - деді Сергей Перов журналистердің сұрақтарына жауап беріп.

Ол жалған кәсіпорындар арқылы жобаға бөлінген қаражаттың жымқырылғанын айтып өтті.

Сондай-ақ, Перов компанияның қашып жүрген бұрынғы басшысына қатысты пікір білдірді.

«Оны халықаралық желі, мемлекетаралық іздеу желісі бойынша іздеп жатырмыз. Тергеу жымқыру фактісі бойынша басталған. Күдікті іздеуде», - деді Сергей Перов.

Еске салсақ, Президент LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырды.

Бұған дейін LRT-ның құрылысы уақытша тоқтатылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Оған қатысты Үкімет басшысы Асқар Мамин пікір білдірді.