Астана ЛРТ қоғамдық көлік валидаторларын қашан қазақшалайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЛРТ» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көлік валидаторлары қазақ тіліне қай уақытта ауыстырылғалы отырғанына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астанадағы қоғамдық көліктерде орнатылған валидаторлардағы қызметтің мемлекеттік тіл - қазақ тілінде көрсетілмеуіне байланысты осыған дейін қазақ тілінің бір топ тіл жанашырлары әлеуметтік желіде мәселе көтерген болатын. iKomek байланыс орталығы арқылы бір топ тіл жанашырларына берген жауабында компания «валидаторларды қазақ тілінде ауыстыру жоспарлануда», деп жауап берген. Алайда бұл жұмыстың нақты қашан іске асыратыны айтылмаған еді.
Расында да, валидатордағы қызметтің тек орыс тілінде жазылуы қазақ тілді тұтынушылардың құқығын шектеп тұрғаны айқын. Аталмыш фактор тіл туралы заңның да баптарына жауап бере алмайды. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі «Астана ЛРТ» ЖШС Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновке сауал хат жолдаған еді.
Бекмырза Игенбердиновтың ресми жауабына сүйенсек, бүгінгі таңда қаланың қоғамдық көлігінің бағдарлар желісі 86 бағытты қамтиды. Олар: 61 қала, 7 экспресс, 18 қала маңына қатынайтын бағыттар.
«Аталмыш бағыттарда 852 автобус қызмет етеді. Оның ішінде 740 автобус - қалалық бағдарда, 47 автобус экспресс бағдарда және 65 автобус қала маңына қатынайтын бағдарларда. Барлық автобустар электронды жол жүру құрылғыларымен - валидаторлармен жабдықталған», - делінген жауапта.
Компания басшылығы валидаторлордағы қызмет (нақтырақ айтқанда, валидатордың экранындағы) шынында да, тек орыс тілінде көрсетілетінін айтып отыр. Бірақ, бір жолғы билет, сондай-ақ көлік карталарын толтыру туралы түбіртек қазақ тілінде басып шығарылатынын да жауабында атап өткен.
Сонымен бірге, Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көліктердің валидаторларын қай уақытта қазақшалау жоспарланып отырғанына қатысты сұраққа жауап берді.
«Валидаторларда ақпараттарды қазақ тілінде бейнелеу жөніндегі шараларға келетін болсақ, мұндай өзгерістерді енгізу технологиялық тұрғыда қол жетімді. Қазіргі уақытта сынақ және интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін барлық жылжымалы құрамда өзгеріс енгізу жоспарланып отыр», - деп жауап берді ресми сауалға Бекмырза Игенбердинов.