«Astana LRT» заңбұзушылықтарды елорда тұрғындарымен бірге анықтамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы қоғамдық көліктерге жауапты «Astana LRT» ЖШС 2018 жылдың 4 қазанынан бастап 3 қарашасына дейін «Қоғамдық бақылау: аялдамаға тоқтау» айлығы өтетінін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті қоғамдық көлік пайдаланушылары! Қала өміріне бей-жай қарамайтын елордалықтар! Қоғамдық көлік саласы үкімет тарапынан субсидияланатыны көпшілігіңізге мәлім. Тасымалдаушылар көрсететін қызмет сапасы субсидияға лайықты болуы керек. Сонымен қатар, біз жолаушылардан күн сайын автобустың аялдамаға дұрыс тоқтамауы, автобусты жүргізушінің кілт тежеуі, аялдамаға тоқтамай өтіп кетуі, жолаушыларды мінгізу-түсіру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауы және т.б. сияқты себептермен жүргізушілердің тарапына айтылатын көптеген шағымдарды қабылдаймыз», - делінген компанияның Фейсбук парақшасында.
Осыған байланысты компания азаматтарды маңызды іс-шараға белсене қатысуға шақырды. Егер жолаушылар қоғамдық көліктің қолайлы болғанын қаласа, сондай-ақ белсенді азаматтық позицияны ұстанса, 4 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін «Қоғамдық бақылау: аялдамаға тоқтау» айлығына атсалысуы керек.
«Айлыққа кемшілікке куә болған кез келген жолаушы қатыса алады. Ол үшін қоғамдық көлікке қатысты тәртіп бұзу фактісін фото немесе бейнежазбаға түсіріп, нақты уақыты мен орнын көрсетіп, бізге жіберуі керек. Хабарламаны өзіңіздің Facebook, Instagram парақшаңызда #контрольАЛРТ, #месячникАЛРТ, #бақылауайлығы, #АЛРТбақылау хештегтерімен қалдыруыңызға болады. Сонымен бірге, жоғарыда көрсетілген хештегтермен «Астана LRT» серіктестігінің ресми парақшаларына жеке хабарламамен жіберуге немесе press@astanalrt.com поштасына «Общественный контроль» немесе «Қоғамдық бақылау» белгісімен жолдауға мүмкіндік бар» делінген хабарламада.
Аян Бекенұлы