«Астана LRT» жер үсті метросының бағасы туралы айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы жер үсті метросында жол жүру құны 1000 теңге болады деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС хабарлады .
«Бүгін бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде елордада тұрғызылып жатқан жеңіл рельсті көлікпен жол жүру ақысы туралы хабарлама тараған болатын. Аталған хабарламалар бойынша сарапшылар жол жүру ақысын есептеп шығарған. Алайда келтірілген мәліметтер шындыққа сай келмейді. Қазіргі уақытта жоба әлі құрылыс сатысында. Сондықтан, елорда үшін жаңа көліктің жол жүру ақысын тап басып айту орынсыз», - делінген компанияның сайтында.
Хабарланып отырғандай, қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеу кезінде жол жүру алдын ала бағасы 200 теңге болып есептелген.
«Біз уақыт талабына және әлемдік стандарттарға сай келетін көліктік жүйені іске қосуға тырысамыз. Сондықтан, алдағы он жылға көз сала білуіміз керек. ЛРТ желісі - келешекте қаланың өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру бағытындағы қоғамдық көліктерді дамытуда жасалған тағы бір қадам», - деп хабарлайды компаниядан.
Еске сала кетсек, осы жылдың жазында Астана қаласының әкімі болып тұрған кезінде Әсет Исекешев елордадағы жеңіл рельсті трамвайдың жайы туралы айтып берген болатын. Шаһар басшысы сол кезде жеңіл рельсті трамвайдың бағытын қай жақта ұзарту керектігі туралы мәселе талқыланып жатқанын атап өткен. Бір нұсқа бойынша, желіні Қабанбай батыр даңғылы бойынша тіке тартып, одан ары Тұран арқылы «Сарыарқа» сауда орталығы, «Керуен-сити» жаққа желі жалғасуы мүмкін. Тағы бір нұсқа негізінде жеңіл рельсті трамвай қалалық саябақ арқылы оң жағалауға түсіп кетуі ықтимал. Сонымен бірге, LRT құрылысын жаңа темір жол вокзалынан бастап, Абылай хан даңғылы арқылы ескі вокзалға тарту жоспары да бар.