Астана мамыр мерекелеріне жан-жақты дайындалды - мамырдың 4-10-ы аралығындағы мерекелік шаралар бағдарламасы
Ертең, мамырдың 4-інде астаналық Конгресс-Холл сарайында Астана қаласының мамандандырылған лицейлері мен коллеждерінің арасындағы «Шаттық» фестивалінің гала-концерті ашылады. Қалалық білім беру басқармасы мерекелік шараның басталуын 17.00-ге жоспарлап отыр.
Сәрсенбі, мамырдың 5-і күні сағат 14.00-де астаналық циркте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған эстрадалық-цирктік бағдарлама болады. Дәл осы күні сағат 17.00-де М.Горький атындағы орыс театрында Жеңістің 65 жылдығына арналған С.Лепустин, Л.Крючковтің «Отан неден басталады...» атты музыкалық-поэтикалық кеші өтеді. Ал сағат 18.30-да Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы болады.
Бейсенбі, мамырдың 6-ы күнгі бағдарламалар тізбегін сағат 11.00-де «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенде «Соғыстың мазасыз бояулары» атты балалар суретінің байқауы ашады. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка-драма театры сағат 18.30-да Еркін Жуасбековтың «Сен үшін» комедиясын қояды. Ал бұл күні Конгресс-Холл сарайында аңызға айналған «Машина времени» тобының сағат 19.00-дағы концертімен аяқталады.
Жұма, мамырдың 7-і күні, сағат 11.00-де «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенде «Сіздерді мақтан тұтамыз, ардагерлер!» атты соғыс ардагерлерін құттықтау өтеді. Мерекелік күн сағат 12.00-де «Отан қорғаушылар» алаңындағы «Отан қорғаушылар» монументіне «Даңқ гүлдестесі» мен гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасады. Сағат 17.00-де Тәуелсіздік сарайында өтетін салтанатты жиылыс пен мерекелік концерт Отан қорғаушылар күнінің қорытынды кеші болмақ. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрындағы А.Дудараевтың «Кеш» драмасы осы күнгі бағдарламалар нүктесін қояды.
Сенбі, мамырдың 8-і күнгі таңғы сағат 10.00 қалалық бейіт басында 1941-1945 жылдардағы соғыста алған жарақаттардан қаза тапқан әскерлердің зираттарына «Даңқ гүлдестесі» мен гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылады. Сағат 11.00-де М.Горький атындағы орыс театры ең кішкентай азаматтарға арнап В.Трегубенконың «Аң патшасына арналған үй» атты ертегісін көрсетеді. Келесі сағатта қаланың «Отан қорғаушылар» алаңы мен Жастар сарайынының алдындағы жазғы сахнада, Бәйтерек монументі мен астаналық саябақта үрлемелі оркестр мен өлең, би ансамбльдерінің концерттері басталады. Сағат 18.00-де М.Горький атындағы Орыс театрында астаналықтар мен қала қонақтарын Б.Брехтның «Үшінші империядағы қорқыныш пен аштық» атты театрлық премьерасы күтеді, қоюшы режиссері Егиш Геворкян (Австрия,Вена), қоюшы суретшісі Қанат Мақсұтов. Осы күннің бағдарламасын Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс әндері» атты әдеби-сахналық кеш жалғастырады.
Жексенбі күнге тұспа-тұс келіп отырған мамырдың 9-ы сағат 09.00-де Жеңістің 65 жылдығына арналған «Қазақ елі» монументінен бастап Тәуелсіздік даңғылы арқылы «Отан қорғаушылар» монументіне дейінгі азаматтық шерумен басталады. Сағат 12.00-де «Отан қорғаушылар» монументі, қалалық алаң, Жастар сарайының жазғы сахнасы, Бәйтерек монументі, астаналық саябақтың сахналық алаңдарында үрлемелі оркестр мен өлең, би ансамбльдерінің концерттері болады. Қалалық алаңда сағат 16.00-де қалалықтарға патриоттық әндер фестивалі ұсынылады. Сағат 17.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында классикалық өнер сүйгіштерге «Мәңгілік алау» балеті орындалады. Сонымен қатар, осы сағатта, яғни 17.00-де Конгресс-Холл сарайында КСРО-ның халық әртісі Әлібек Днішев Жеңіс күніне арналған жеке концерттік кешін ұсынады. Ал түнгі сағат 22.00-де меркелік күнді аяқтайтын Есіл жағасында Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап от шашу болады.
Келесі демалыс күні, мамырдың 10-ы күні сағат 12.00-де «Думан» ойын-сауық орталығында сол күні кешке дейін жалғасатын «Көктемгі карнавал» атты шоу-бағдарламаның ашылуы болады. Сағат 18.00-де цирк ғимаратында ресейлік «Ранетки» атты жастар тобының концерті болады. Сондай-ақ мамырдың 10-ы мен 14-і аралығында Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Біріккен Араб Әмірліктерінің мәдени күндері өтеді.