Астана маңындағы ауылдың 730 абоненті газға қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі газ инфрақұрылымын кеңейту және халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.

Астана маңындағы ауылдың 730 абоненті газға қол жеткізді
Фото: Энергетика министрлігі

Ақмола облысының Қызылсуат ауылында газдандыру жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 730 абонентке табиғи газға қосылуға мүмкіндік берілді.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметінше, жоба аясында 67,3 шақырым газ құбыры тартылып, 1 газ реттеу пункті және 8 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Құрылған инфрақұрылым тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне кезең-кезеңімен қосуға мүмкіндік береді.

Жалпы, 2026 жылы еліміз бойынша газдандырудың 40 жобасы іске асуда, оның ішінде 7 жоба өткен жылдан ауысқан. Жобаларды іске асыру нәтижесінде тағы 37 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізеді.

Халықты газбен қамту аясын кеңейту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалғасуда. 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Айта кетелік мұнай-газ нысандарында апатты алдын ала анықтауға жасанды интеллект қолданылуы мүмкін