Астана маңынан 15 мың жер телімін бөлуге 1 млрд. АҚШ долларына жуық қаржы қажет

«Біріншіден, қаладан 30 шақырымдық қашықтықта жеке үй салуға жер беруге тыйым салу туралы Елбасының тапсырмасы бар. Өйткені, қалаға жақын жерлерге үй салынып, ауылдар пайда болып жатыр. Бірақ бұл ауылдарда не жол жоқ, не электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Ең бастысы, бұл жерлерде жұмыс орны жоқ. Сондықтан барлығы қалаға келіп жұмыс істеп, жағдайын осында шешеді. Олай болатын болса, әрине, мұндай тұрмыс қолайлы болмайды»,-деп тоқталды әкім.
Оның сөзіне қарағанда, Астанада 10 сотық жерге ие болуға ниетті адамның саны 100 мыңнан асып отыр.
«Бұндай жағдай қалада жоқ. Себебі, Бас жоспарымыз бойынша 2025-2030 жылға дейін беруге мүмкіндік бар жердің көлемі 10 сотықтан есептейтін болсақ, тек 15 мың адамға арналған. Бұл 15 мың учаскені халыққа қазір бөліп беруге болады. Бірақ та, бұл жер телімдерінде жол жоқ, құбырлар тартылмаған»,-деді И. Тасмағамбетов.
Осы орайда ол азаматтар үй салып алғаннан соң қажетті инфрақұрылым болмағаннан кейін қиындыққа тап болатынын сөз етті. Аталған 15 мың жер телімін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 150 миллиард теңге қажет.
«Бұл қаржыны бір сәтте бөле салуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл бірте-бірте шешіліп келе жатқан мәселе»,-деп түйді әкім.