Астана маңында бір отбасының мүшелері ыстан уланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана маңында үй жылытатын пештің ақаулығы салдарынан тұтас отбасы ыстан уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитетіне сілтеме жасап.
«2017 жылдың 29 қарашасында 9 сағат 10 минутта Астана қаласы Есіл ауданының «Жаңа Ильинка» тұрғын алабында жылыту пешінің жарамсыздығынан 2 ересек адам мен 3 бала ыстан уланып, орта деңгейлі ауырлықпен ауруханаға жатқызылды», - деп хабарлады Төтенше жағдай комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Иманқұловтың айтуынша, 2017 жылдың бір ғана қараша айында тұрғын-үй секторында 31 улы газбен улану оқиғасы тіркелді, соның ішінде қатты отын жағатын пештің ақаулығы салдарынан 26 оқиға, газ баллонда редуктордың және газ колонкасының ақаулығы салдарынан 5 оқиға. Бұл ретте 43 адам (оның ішінде 11 бала) улы газбен уланып, ауруханаға жатқызылған, 10 адам оқиға орнында көз жұмған.
«Ауа-райының салқындауымен пешті дұрыс пайдаланбау салдарынан жазатайым оқиғалар саны артып, адам қазасы жиі орын алады. Мұндай оқиғалар аязды ауа райы басталысымен, сұйық және қатты отынмен пеш жағу көбейгенде және халықтың қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытуынан болады», - дейді Иманқұлов.
Комитет келтірген деерктерге сәйкес, улы газбен улану оқиғалары Шығыс Қазақстан - 4, Солтүстік Қазақстан - 4, Жамбыл - 4, Алматы - 4, Павлодар облыстарында - 2, Астана қ. - 2 тіркелді. Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында жиі орын алған.