Астана маңында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргендер анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Есіл аудандық прокуратурасының мобильдік тобы мен аудандық Ішкі істер басқармасы «Астаны Орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның (Тассуат суқоймасы) аумағында 13 арнаулы техниканы пайдалана отырып, заңсыз кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру фактісін анықтады. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
Оқиға орнына тексеру жүргізу барысында пайдалы қазбаларды өндіру өндірісі аумағының тереңдігі 0.5-1 метр, көлемі шамамен 228 018 шаршы метр екені анықталды. Осыған орай, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі Есіл аудандық Ішкі істер басқармасына тіркелді. Қалалық Экология департаментінің тергеуге дейінгі тексеру шеңберінде жүргізілген есебіне сәйкес, заңсыз жұмыстан келген материалдық залал 2 451 193 500 теңгені құрайды.
«Осыған байланысты, Есіл аудандық Ішкі істер басқармасы 18 қыркүйекте заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша аудандық прокуратура қажетті тергеу іс-шараларын жүргізу, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған тиісті сараптама тағайындау туралы нұсқау берді, оның барысы тұрақты бақылауға алынды», - делінген баспасөз хабарламасында.