Астана маңындағы авиациялық базада диверсияға қарсы жаттығу өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана маңындағы авиациялық базада диверсияға қарсы жаттығу өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.
Тәуліктік наряд жеке құрамы үшін шартты түрдегі банды тобының бөлімдегі күзетілетін нысандарға шабуылдауы күтпеген жағдайдан басталды.
Диверсияға қарсы қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік сабақтардың жоспары бойынша тәуліктік наряд қолда бар күш-құралдарымен шартты түрдегі ұрысты қабылдап, қарсыластың шабуылана тойтарыс бере отырып, резервтегі қарауыл тобы мен кезекші бөлімше келгенше уақыт ұтуы қажет болды.
Оқу дайындығы барысында бөлім бойынша кезекшінің тәжірибелік іс-қимылдары жауынгерлік есептопқа сәйкес дабыл бойынша тәуліктік нарядтың жеделдігі мәселелері пысықталды. Жаттығуда майор Асылбек Жақыпбеков, капитандар Нұртас Ахметбеков, Амангелді Сұлташев және қатардағы жауынгер Міртас Рахымбаевтардың үйлесімді және нақты іс-қимылдары атап өтілді.