Астана маңындағы елді мекендер қалай дамуда
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астананың гүлденуі іргедегі елді мекендердің дамуына үлкен серпін беруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шортанды ауданының әкімі Гүлнұр Сәдуақасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана агломерациясына енген елді мекендердің проблемасын шешу жолдары сараланған брифингте аудан әкімі халықтың әл-ауқатын жақсарту, елді мекендерді дамыту бойынша атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.
Әкімінің сөзінше, Астана агломерациясына Шортанды ауданындағы Төңкеріс, Бозайғыр және Ключи елді мекендері еніп отыр. Осының арқасында ауданда инженерлік коммуникация мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарды су және электрмен қамтамасыз ету, жол құрылысы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіліп келеді.
«Ауданда инженерлік коммуникация саласының дамуына аса көңіл бөлінуде. 2010 жылдан бері тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Төңкеріс және Бозайғыр ауылдарында суқұбыры жүйесі қалпына келтірілуде. Оған қоса, биылға жылы Бозайғыр ауылында 84 учаскеде ұзындығы 6 шақырым су құбырының құрылысы жобасы үшін қаржы бөлінді. Ключи ауылының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы су сорғыш, сүзгі, жүйелік қондырғыларын ауыстырдық. Қазіргі кезде, «Шортанды су» коммуналдық кәсіпорны жер асты су сорғыштарын ауыстыру жұмыстарын жалғасыруда», - деді Гүлнұр Сәдуақасова өз сөзінде.
Сонымен қатар, аудан әкімі 2017 жылы Бозайғыр және Ключи ауылдарының көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттардың әзірленгенін атап өтті. Осымен бірге, Бозайғыр ауылының тұрғындарын үздіксіз электрмен жабдықтау мәселесі де оң шешіліп жатқандығы айтылды. Жалпы ауданда, әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше көңіл бөлінген.
«Мектепке дейінгі балаларды білім берумен қамтамасыз ету жолында Төңкеріс және Бозайғыр ауылдарында 140 орындық екі балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Биыл Төңкеріс және Ключи ауылдарында медициналық пункті салу жоспарда бар. Жалпы, ауданның өзге елді мекендерін есепке алғанда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде оң динамика бар», деп сөзін түйіндеді аудан әкімі.